Baygozhina_306B.ppt
- Количество слайдов: 23
Минералды улар мен улы химикаттар токсикологиясы Орындаған: Жаркинбекова М. И
Тағамдық азықтарға түсетін қоспалардан уланулар. Тағамдық азықтарды ластайтын химиялық заттардың көп бөлігі табиғаты антропогендік немесе табиғи бөгде заттар. Қабылданған атаулар жиынтығына сәйкес, оларды контаминаттар, ксенобиотиктер немесе бөгде химиялық заттар деп атайды. Азық-түлік шикізаттары мен тағамдық азықтардың негізгі және ең қауіпті контиминанттарына жататындар: ауыр металлдар, антибиотиктер, пестицидтер, нитраттар, нитриттер, нитрозоқосылыстар, диоксиндер және диоксин тәрізді заттар, канцерогенді заттар, тағамдық қоспалар, микроағзалардың токсиндері, радионуклидтер. Тағамдық азықтардың құрамындағы бөгде химиялық заттардың (БХЗ) зиянды әсер сипаты әр түрлі. БХЗ жалпы уландыратын, сенсибилизациялаушы, канцерогенді, мутагенді, гонадотропты, эмбриотропты және тератогенді, кардиоуландырғыш әсер етуі, көбею функциясының бұзылуына, қартаю үрдісін жеделдетуге, ағзаның иммундық күшінің төмендеуіне, тағамдық заттардың сіңуінің бұзылуына, т. б. әкеп соғуы мүмкін.
Пестицидтерден уланулар. Пестицидтер- арамшөптерді, жәндіктерді, кеміргіштерді, өсімдік ауруларының қоздырғыштарын жою үшін, өсімдіктердің жапырақтарын түсіру, оларды кептіру үшін қолданылатын табиғаты химиялық немесе биологиялық заттар. Қазіргі уақытта химиялық қосылыстардың әр түрлі топтарына жататын, 300 әсер ететін заттардың негізінде жасалған пестицидтердің 600 -ден артық препараттары қолданылады. Химиялық құрамы бойынша, пестицидтер хлорорганикалық, фосфорорганикалық, сынапорганикалық, корбамин, тио- және дитиокорбамин қышқылдарының туындыларына, құрамында мыс бар түріне, синтетикалық пиретроидтарға, т. б. бөлінеді. Пестицидтер -улылығы жоғары және қауіпті заттар. Ағзаға негізгі түсетін жолдары- тыныс мүшелері, асқазан-ішек жолдары және тері. Халық үшін ең қауіптісі, ағзаға тағамдық азықтармен бірге түсуі, себебі, пестицидтердің мал жемінде, азық-түлік шикізаттарында, өсімдік текті және жануар текті азықтарда жиналуы барған сайын өсуіне байланысты, ағзаға түсуінің бұл жолы негізгі және тұрақты жолы болып табылады. Пестицидтердің көпшілігіне тән қасиет: улылығы жоғары, қоршаған ортада тұрақты, олардың ыдырауы кезінде пайда болатын қосылыстарының улылығы жоғары, кумулятивтік қасиеті айқын жеке мүшелер мен тіндерде ұзақ уақыт жиналуға қабілеттілігі, бала емізетін аналардың сүтімен бөлінетіндігі. Пестицидтердің әсер етуі кезінде жедел, жеделдеу және созылмалы уланулар байқалуы мүмкін. Улану дамуында ағза жағдайының үлкен маңызы бар. Пестицидтердің әсеріне балалардың, жасөспірімдердің және қарт адамдардың сезімталдылығы жоғары. Әйелдердің жүктілік кезеңінде және бала емізетін уақыттарында пестицидтермен байланыста болу айрықша қауіпті, себебі, пестицидтер бала жолдасы кедергісінен жеңіл өтеді және баланың ағзасына анасының сүтімен түсуі мүмкін.
Хлорорганикалық қосылыстар (ХОҚ). Инсектоакрицидтер, фунгицидтер ретінде, егін егу алдында тұқымды, т. б. өңдеу үшін кеңінен қолданылады. Оларға циклопарафиндердің (гексахлорциклогександар), бензолдың (хлорбензол), терпендер (полихлорпенин), диен қатарындағы қосылыстардың (алдрин, гептахлор) хлортуындылары жатады. ХОҚ улылығы жоғары және орташа, кумулятивтік қасиеті айқын, ана сүтімен бөлініп шығады, таңдамалы түрде май тіндерінде жиналады, сыртқы ортада тұрақтылығы жоғары. ХОҚ асқазан-ішек жолдары арқылы түсуінен пайда болған, жедел уланулар кезінде жедел энтероколиттер байқалады, олардан кейін ми қыртысы астындағы бөліктерінің зақымдануына әкеліп соғатын уланудан дамитын энцефалит түрінде орталық жүйке жүйесі зақымдануының белгілері пайда болады. Жиі токсико-аллергиялық миокардит, гепатит, нефропатия дамиды және өлімге әкеп соғуы мүмкін. Кейде, жедел интоксикациядан кейін пестицидтермен қайта байланыста болған кезде панмиелофтиз дамуы мүмкін. Созылмалы улануларға, астено-вегетативті өзгерістер, вегето-сенсорлық полиневрит түріндегі шеткі жүйке жүйесінің зақымдануы, миокардтың дистрофиясы, бауырдың, бүйректердің уланудан зақымдануы, гипохромды анемия пайда болуы, лейкопоэздің нашарлауы тән. Ауыр созылмалы уланулар кезінде, майда ошақты органикалық симптомды энцефалополиневрит статико- үйлесімдік бұзылыстар түріндегі жүйке жүйесінің диффузиялық зақымдануы байқалады.
Фосфорорганикалық қосылыстар(ФОҚ). Пестицидтердің басқа түрімен салыстырғанда, ФОҚ кеңінен қолданылады, себебі, олардың инсектицидтік белсенділігі жоғары және салыстырмалы түрде улылығы аз, олардың ыдырау өнімдерінің улылық қасиеті жоқ дегу болады, сыртқы ортада белсенділігі тез жоғалады, ағзада жиналатын қасиеті және ана сүтімен бірге шығу қабілетінің айқындылығы аздау. ФОҚ тобына фосфор, тио- және дитиофосфор, сондай-ақ, фосфон қышқылдарының эфирлеріне жататын октаметил, метафос, метилмеркаптофос, фосфамид, карбофос, хлорофос, үшхлорметафос-3 және басқа да заттар жатады. Көпшілік ФОҚ-дың улылық әсер механизмінде холинэстеразалардың белсенді орталықтарының фосфорлануы себебінен, олардың белсенділігінің нашарлауына басты роль беріледі. Нәтижесінде, ацетилхолин медиаторы жиналып, жүйкелік қозулардың берілуі бұзылады. Уланудың негізгі белгілері, ацетилхолиннің мускарин тәрізді, никотин тәрізді және орталық әсерімен анықталады. Ауыр дәрежелі жедел уланулар кезінде, асфиксия, жүрек қызметінің құлдырауы нәтижесінде өлімге дейін әкеп соғуы мүмкін. ФОҚ -мен созылмалы уланулар кезінде емдеуге қарамастан, тоқтаусыз бас ауыру, бас айналу, есте сақтау қабілетінің төмендеуі, тағамға тәбеті болмау, жүрек айну, әлсіздік байқалады. Интеллект төмендеуі, petit mal қысқа мерзімді есінің ауытқуы, уланудан бауыр зақымдануы, вегето-тамырлық өзгерістер болуы мүмкін.
Сынапорганикалық қосылыстар (СОҚ). Тұрақтылығы айқын және ағзада жиналатын қабілеті жоғары, улылығы жоғары заттар. Олардың көпшілігі (гранозан, меркурексан, меркурбензол) ұшқыштығына байланысты, жұмыс істеген кезде едәуір қауіпті, себебі ағзаға тыныс жолымен түсуі мүмкін. Улану, сондай-ақ, тері және асқазан-ішек жолдары арқылы түсуі кезінде де болуы мүмкін. Ауыр уланулар уландырылған дәнді дақылдардан жасалған тағамдарды қабылдаған кезде жиі байқалады. СОҚ әсер ету механизмі, сынаптың негізгі ферменттік жүйелердің SH-топтарымен әсерлесуімен байланысты. Ол ферменттердің атқаратын қызметтерінің бұзылуына әкеп соғады. СОҚ гемато-энцефальдық кедергілерден жеңіл өтеді, соның нәтижесінде олармен улану кезінде ми тіндерінің таңдамалы зақымдануы байқалады. Уланудың патогенезінде СОҚ капиллярларға улы әсер етеді және олар тін ақуыздарымен байланысқа түсіп, кешенді антиген жасайды. Осыған байланысты, СОҚ-мен уланулар кезінде аллергиялық реакциялар болуы мүмкін. Жеңіл дәрежелі уланулар кезінде гингивит, гастроэнтероколит, астено-вегетативті бұзылыстар байқалады. Уланудың ауыр түрлерінде жүйке жүйесінде қайтымсыз таралған зақымданулар пайда болады. Мишықтың (атаксия, дизартрия, тремор), аралық мидың (анорексия, жүдеу, адинамия, қантты емес сусамыр) атқаратын қызметтері бұзылады. Улану үрдісі барлық бас сүйек-ми жүйкелерін қамтиды, шала салдану, салдану дамиды, көру және есту елестері, сандырақтау, шизофрения сияқты синдромдар пайда болады. Сондай-ақ, уланудан немесе уланудан-аллергиялық миокардит, бауырдың, бүйректердің зақымдануы да кездеседі. СОҚ-тан созылмалы уланулардың бастапқы сатысына, эретизм элементтері бар астеновегетативтік синдром дамуы, стоматиттер, гингивиттер тән. Улану үрдісінің әрі қарай күшейе беруіне байланысты, жүйке жүйесінің таралған зақымдануы басты орын ала бастайды. Уланудан энцефалопатия немесе энцефалополиневрит дамиды. Жүйке жүйесінің патологиясына, әдетте, миокард дистрофиясы, бауырдың уланудан зақымдануы, гипохромды анемия қосылады. СОҚ улылығы жоғары және қауіпті болуына байланысты, оны егістік үшін қолданылатын тұқымдық дәнді дақылдарды өңдеу үшін пайдалануға руқсат етіледі. Уландырған дәнді дакылдарды тағамға пайдалануға қатаң тыйым салынады.
Карбамин қышқылының туындылары. Карбоматтар (байгон, дикрезил, севин, карбин, пиримор), тиокарбоматтар (ронит, тиллам, эптам, ялан) және дитиокарбоматтар (карботион, купрозан, полимарцин, ТМТД, цинеб, цирам) инсектицидтер, акарацидтер, бактерицидтер, гербицидтер, фунгицидтер, т. б. ретінде ауыл шаруашылығында кеңінен қолданылады. Себебі, әсер спектрі үлкен және қоршаған ортада тұрақтылығы салыстырмалы түрде төмен. Бұл пестицидтердің ағзаға әсері әр түрлі, ол оның физико - химиялық қасиеттерімен байланысты. Мысалы, метил- және диметилкарбоматтардың (дикрезил, севин) холинэстеразаға қарсы әсері бар, бірақ ФОҚ-мен улануға қарағанда, айқындылығы азырақ. Тио- және дитиокарбоматтарға тиолдық ферменттердің белсенділігін төмендету, тотығу үрдістерінің бұзылуына әкеп соғу тән, бұл осы пестицидтердің ағзадағы ыдырау өнімдері – этилентиомочевинаның және күкіртті көміртектің улы әсерімен байланысты. Карбоматтардың көбіне аллергендік, эмбрио – және гонадотоксикалық, канцерогендік және мутагендік (дитиокарбоматтар), тератогенді (севин) әсерлер тән. Кейбір карбоматтар (фенилкарбоматтар) метгемоглобин түзуші болып табылады. Карбоматтардан уланудың клиникалық көріністерінде орталык жүйке жүиесінің және паренхимотозды мүшелердің зақымдануы басты орын алады
Нитриттерден, нитраттардан, нитрозоқосылыстардан уланулар. Азот құрамды тыңайтқыштарды бақылаусыз қолдану, топырақта нитраттар деңгейінің шұғыл өсуіне әкеп соқты, нәтижесінде, азық-түлік және ауылшаруашылық жем-шөп дақылдарында да көбейді. Өсімдіктерде зат алмасуын бұзатын кейбір пестицидтер және ауыр металдар, нитраттардың өсімдік өнімдерінде жиналуын ондаған есеге күшейтеді. Нитраттардың ең үлкен концентрациясы тағамдық көк өсімдіктерде, көкөністерде, әсіресе олардың жапырақтарында және тамыр жемістерінде, бақша дақылдарында байқалады. Парникте (көшетханада) өсетін тағамдық көк өсімдіктердің құрамында да нитраттар көп, ол топырақты тыңайтқыштармен өңдеудің қарқынды жүргізілуіне және жарықтың жеткіліксіздігіне байланысты. Микрофлоралардың қалпына келтіретін әрекетінен, нитраттар нитриттерге айналады, сол себепті азықтарды сақтау кезінде, олардың құрамында нитриттер көбейеді. Нитраттар мен нитриттер ағзаға еттен жасалған тағамдармен түседі (шұжықтар, ысталған ет өнімдері, сырлар, т. б. ), бұл тағамдарға оларды консерванттар немесе түс (рең) беретін зат ретінде қосады. Нитраттарды ағзаға негізгі түсіріп отыратындар, көпшілігінде өсімдік текті тағамдар, ал нитриттер негізінен (60% дейін) ет тағамдарымен бірге түседі. Кулинарлық өңдеу тағамның құрамындағы нитраттар мен нитриттердің азаюына әкеп соғады. Мысалы, тазалау, жуу, суға, салып қою кезінде бұл заттардың мөлшері 5 – 15% азаяды, қайнатып пісіру кезінде – қайнатқан суға шығуы және нираттарды нитриттерге айналдыратын ферменттердің белсенділігі жойылуы нәтижесінде, 80%-ға төмендейді. Асқазан-ішек жолдарына түскен нитриттер мен нитраттардың бір бөлігін асқазан және ішек микрофлорасы зат алмасуына түсіреді, сөйтіп нитраттар нитриттерге айналады. Пайда болған нитриттер асқазан-ішек жолдарынан жеңіл сіңеді, қанға өтіп гемоглобинмен әсерлеседі де, метгемоглобин түзеді, осыған байланысты ағзаның оттегімен қамтамасыз етілуі бұзылады да, айқын білінетін гипоксия пайда болады. Нитриттер мен нитраттардың әсеріне жас балалардың сезімталдығы жоғары, себебі, олардың асқазан-ішек жолдарындағы микрофлорасы нитраттрады нитриттерге белсенді айналдыратын қабілеттілігімен ерекшеленеді, ал метгемоглобинді бұрынғы қалпына қайта келтіретін (гемоглобинге) метгемоглобинредуктаза ферментінің белсенділігі әлі жеткіліксіз. Нитраттардың нитриттерден айырмашылығы, ол, метгемоглобин түзуші емес және соншалықты улы да емес. Егер, нитриттерден жедел уланулар 200 -300 мг, өліммен аяқталуы 300 -2500 мг дозасында байқалатын болса, онда нитраттармен улану кезінде бұл дозалар -1 -4 г және 8 -14 г сәйкес келеді. Бұл кезде улы әсері нитраттардан пайда болатын нитриттермен байланысты. Дегенмен, нитраттардың үлкен дозалары гепатоцидтердің ядроларына және нуклеиндердің алмасуына әсер етуі мүмкін, олардың эмбриотоксикалық және мутагенді әсері осымен түсіндіріледі. Нитриттердің рұқсат етілген тәуіліктік дозасы 0, 2 мг/кг дене массасына, ал емшек еметін жастағы балалар үшін – 0, 05 мг/кг, нитраттар үшін – 5 мг/кг сәйкес.
Нитриттер мен нитраттардың тағаммен ағзаға көп түсуінің қауптілігі, олардың әсерінен тек созылмалы нитриттік-нитраттық метгемоглабинемия пайда болуымен ғана байланысты емес, сонымен қатар, канцерогенді белсенділігі жоғары, мутагенді, тератогенді, және эмбриотоксикалық қасиеттері бар нитрозоаминдердің эндогенді синтезделуіне қатысуымен де қауіпті. Нитрозоаминдер қоршаған ортада көп таралған, оның ішінде әр түрлі тағамдық азықтарда да кездеседі. Тағамдық азықтар, нитрозоаминдердің ағзаға экзогенді түсетін көзі ретінде, ең басты орын алады. Мысалы, адам тәуіліктік рационмен орта есеппен 1 мкг нитрозоқосылыстар қабылдайды, ал ауыз сумен -0, 01 мкг, тыныс алатын ауамен - 0, 3 мкг түседі. Бұл тағамдық азықтардың құрамында нитрозоқосылыстардың алдыңғы өнімдерінің болатындығымен және олардан ауыл шаруашылық шикізаттарды, жартылай дайын өнімдерді өңдеудің барлық әдістерінде, пісіру, қуыру, ыстау, тұздау, ұзақ уақыт сақтау кездерінде нитроздану нәтижесінде нитрозаминдердің пайда болатындығымен түсіндіріледі. Тамақ дайындау техналогиясында қолданылатын нитриттердің, сондай-ақ, ыстайтын түтіннің құрамына кіретін азот оксидінің нитроздаушы қабілеттілігі жоғары. Адам, барлық нитрозоқосылыстардың жартысын тұздалған -ысталған тағамдардан алады. Нитриттердің нитраттардың және нитрозоаминдердің зиянды әсерлерінің алдын алу келесі бағытта жүргізілетін шараларды қамтиды. · Азотты тыңайтқыштарды топырақтың түрін, оның құрамындағы азотты, дақылдардың нитрозоқосылыстарды бойына жинау дәрежесін ескеріп қолдануды. · Азотты тыңайтқыштарды бойына белсенді жинайтын дақылдарды атап айтқанда, бақша дақылдарын, қиярларды, кәділерді (кабачок), патиссондарды өсіру кезінде азотты тыңайтқыштарды және суару үшін ағынды суларды қолдануды шектеу немесе тыйым салуды. Тыңайтқыш енгізудің регламенттелген мерзімен және препараттардың регламенттелген дозаларын сақтауды. · Шұжық, ысталған тағам өндіруде тағамның құрамында нитрозоаминдерді азайтуға мүмкіндік беретін жаңа технологияларды енгізу. · Рационда және тағамдық азықтарда рұқсат етілетін концентрацияларын нормалау.
Тағамдық азықтардың қоршаған ортадан түсетін химиялық заттармен ластануы. Қоршаған ортаның әр түрлі нысандарынан тағамдық азықтарға өте көп әр түрлі химиялық заттар түсуі мүмкін, олардың негізгі көздері, өнеркәсіпорындарының, автокөліктің, жылу энергетикасы кәсіпорындарының, пайдалы қазбалар шығаратын жерлерді пайдаланудың, т. б. ауаға ұшатын шығарындылары мен қалдықтары. Бұл топтағы тағамдық азықтарды ластаушылардың қатарына кадмий, сынап, қорғасын, берилий, таллий және басқалар сияқты улы қосылыстарда және өмір сүру үшін қажетті (эссенциалды) және шартты түрде эссенциалды болып табылатын микроэлементтер де кіреді. Өмір сүру үшін маңызды үрдістерге қатысуына қарамастан, биомикроэлементтердің ағзаға физиологиялық қажеттілігінен едәуір асатын мөлшерде түсуі өте қолайсыз әсер етуі мүмкін. Бөгде химиялық заттардың (БХЗ) ағзаға алиментарлық жолмен түсуі, көпшілік жағдайларда негізгі түсетін жолы болып табылады. Осыған байланысты, қазіргі кезде БДДҰ-ның ФАО азық-түлік кодексі жөніндегі біріккен комиссиясының шешіміне сәйкес, тағамдық азық-түліктерге халықаралық сауда жасау кезінде олардың құрамындағы ең қауіпті ластаушы заттарға: сынапқа, кадмийге, қорғасынға, мышьякқа, мысқа, мырышқа, темірге, стронцийге міндетті түрде бақылау жүргізеді.
Қорғасын. БХЗ ішінде, ең көп таралған және қауіпті түріне жатады. Адам күн сайын тағаммен бірге 0, 1 -0, 5 мг, ал сумен 0, 02 мг шамасында қорғасын қабылдайды. Түскен қорғасын, балалар ағзасында белсенді сіңеді 30 -40% дейін, үлкен адамның ағзасында тек 10% шамасында сіңеді. Қорғасын политропты уларға жатады, оның улы әсер ететін негізгі нысана мүшесі, орталық және шеткі жүйке жүйесі, жүрек-тамыр және асқорыту жүйелері, қан түзуші мүшелер және бүйрек. Қорғасынның әсеріне ең сезімтал келетіндер -балалар, ересектерден айырмашылығы, оларда қорғасын тек сүйекте ғана жиналып қоймай, сонымен қатар 30 -40% дейін ішкі мүшелер мен ми тіндерінде де жиналады. Сондықтан, уланудың тіпті айқын белгілері болмағанның өзінде, үлкен емес дозада (қандағы қорғасын 10 -25 мкг/л) әсер етуі оқуға қабілетінің төмендеуіне, назар аударудағы шоғырлану үрдісінің өзгеруіне, гипербелсенділікке, мектепте оқуға үлгерімінің төмендеуіне, т. б. әкеп соғады. Жүкті әйелдерде түсік, мезгілінен бұрын босанулар болуы мүмкін. Қорғасынның рұқсат етілген тәуліктік дозасы, ФАО мәліметі бойынша, шамамен 0, 007 мг/кг дене массасына, ал тағамдық азықтарда рұқсат етілген мөлшері – 0, 1 - 05 мг/кг.
Кадмий. Өте улы элемент. Табиғи мөлшері көп емес, сондықтан кадмийдің қоршаған ортаға түсетін және тағамдық азықтарды ластайтын негізгі көздері антропогендік болып табылады. Оларға жататындар: тас көмір жағу, химиялық тыңайтқыш, әсіресе фосфорлы тыңайтқыштарды өндіру, түсті металлургия кәсіпорындарының қалдықтары, сондай-ақ пластмассалардың қалдықтары және оларды өртеу өнімдері. Адам ағзасына кадмийдің 80% дейінгі мөлшері тағаммен түседі, ересек адам тәулігіне, орта есеппен 1 кг дене массасына 150 мкг дейін кадмий қабылдайды. Кадмийге және оның қосылыстарына тән қасиет, биологиялық тіндерде жоғары дәрежеде жиналуы. Сондықтан, кадмийдиң ұзақ уақыт тіпті өте аз мөлшері тағаммен ағзаға түсуінің өзі де, кадмийден уланудың дамуына әкеп соғады. Бірінші рет кадмий остеомаляциясы ( «итай-итай» ауруы) металлургия кәсіпорындарының ағынды суларымен ластанған сумен суарылған жерде өскен күрішті тағамға қолданған тұрғындарда (халықта) пайда болғаны туралы 1946 жылы Жапонияда жазылды. Жаппай ауыру сипатында болды, өліммен аяқталған жағдайлар да байқалды. Кадмийдиң рұқсат етілген тәуліктік дозасы (РЕТД) - 1 мкг/кг дене массасына, бұл кадмийдиң 1 кг азық-түлікте 30 -85 мкг-нан аспайтын мөлшерінде қамтамасыз етіледі.
Сынап. Қоршаған ортаға табиғи көздерінен және антропогендік көздерінен де түседі. Жыл сайын табиғи дегазация үрдісі нәтижесінде, жер қыртысынан, шамамен 125000 т жуық сынап буланады. Сонымен бірге, қоршаған ортадағы сынаптың мөлшеріне антропогендік көздері сынапты өндіру, тазарту, өнеркәсіптің әр түрлі салаларында (электротехникалық, целлюлоза, химия) медицинада, ауыл шаруашылығында қолданылуы елеулі үлес қосады. Сынап қоршаған ортада әр түрлі түрде миграцияланады: металл түрінде, бір-және екі валентті бейорганикалық және органикалық қосылыстар түрінде. Ең улы және қауіптісі, сынаптың органикалық қосылыстары (метилсынап, диметилсынап, т. б. ). Олар судың түбінде, топырақта жиналған бейорганикалық сынаптың микроағзалардың әсерінен метилденуі кезінде пайда болады, жақсы ериді, тағам тізбегіне жеңіл кіреді. Бұл қосылыстар саңырауқұлақтарда, балықтарда, басқа да гидробионттарда белсенді жиналады. Адам тәулігіне, орта есеппен тағаммен бірге 45 -60 мкг, атмосфералық ауамен бірге – 1 мкг жуық сынап қабылдайды. Металл түріндегі сынап, асқорыту жолдары арқылы тусуі кезінде қауіпті емес, себебі, ол сіңбейді, нәжіспен шығады. Оның есесіне, сынаптың бейорганикалық және органикалық қосылыстары ауыз арқылы тусуі кезінде жақсы ерігіш болғандықтан, өте улы. Сынаптың рұқсат етілген тәуліктік дозасы 0, 005 мг. Сынаптың қандағы мөлшері 100 мкгл-ден, шашта - 30 -40 мкг/г-нан, зәрде - 0, 05 -025 мкмольл-ден аспайтын болса қауіпсіз деп саналады.
Мышьяк. Улылығы бойынша, сынаптан кейінгі тағамдық азықтарды екінші ластайтын зат (контоминант). Тағамдық азықтарды ластауда негізгі роль атқаратын табиғи мышьяк емес, адамның шаруашылық ісәрекеттерінің нәтижесінде - электростанциялардың, металлургия өндірісінің шығарындыларымен, мышьяк құрамды пестицидтерді, мал шаруашылығында өсуін жылдамдататын заттарды қолдану кезінде, т. б. қоршаған ортаға түсетін мышьяк. Металл түріндегі мышьяк ағзаға ауыз арқылы түсуі кезінде, ерімейтіндігіне байланысты, іс жүзінде улы емес. Ал, мышьяктың қосылыстары болса, ерігіш және асқазан-ішек жолдарынан жақсы сіңеді. Қанға өтіп, содан соң олар бауырда, ет тіндерінде, бүйректе, көкбауырда, теріде, шашта, тырнақта анықталады және іштегі нәресте жолдасының тосқауылынан жеңіл өтеді. Мышьяктың бейорганикалық қосылыстарының, әсіресе, үшваленттісінің улылығы үлкен. Мышьяк ағзаға тағаммен түскен кезде, жиі созылмалы уланулар пайда болады, ол кездерде гастроэнтероколит, бауырдың уланудан зақымдануы, невриттер, симметриялы салданулар байқалады. Теріде іріңдейтін түйіншек (папула) түріндегі бөрткендер, дерматиттер пайда болуы тән, тері обыры (рак) болуы да мүмкін. Тәулік ішінде тағам рационымен адам ағзасына, орта есеппен 0, 05 -0, 42 мг мышьяк түседі, яғни 1 кг дене массасына есептегенде, 0, 007 мг (Позняковский В. М. , 1999). Рұқсат етілген тәуліктік дозасы 0, 05 мг/кг дене массасына немесе орта есеппен 3 мг/тәулік.
Baygozhina_306B.ppt