Менің кумирім
• «Менің өмір бойы идеал тұтып келе жатқан адамым әкем мен шешем. Менің балаларым да мені идеал тұту керек. Жалпы әр бала өз ата-анасын идеал тұтатын болса, қоғам бұзылмайтын еді, дәстүр де өзгермейтін еді»
• «Өскенде кім болғың келеді? » , – деп көршіміздің кішкентай қызынан сұрай қойып едік, «Өскенде мамам боламын» деп, бәрімізді бір күлдіріп алды. Артық сұрақ қоюды да қажет етпейтіндей етіп жауап берді. Баласына үлгі бола алған анасынан айналып кетесің.
Бүгінгі адамдар ешкімді идеал тұта бермейді. Оған себеп, жалпы қоғам мен адамның өзгеруі дер едім. Адамдық құндылықтар сынға түсті. Жақсы мен жаманды айыра алмайтын, айырғымыз келмейтін кер заманға келдік. Идеалдар идеология болған кезде ғана туады.
Анамның азаматтық, адамдық болмысына сүйсінем. Уақыт өткен сайын одан артық адамның, парасат иесінің жоқ екенін түсіндім. Өзім ешкімді идеал тұтпаймын. Бірақ, мені мінезімен, ерлігімен, ісімен, адамгершілігімен тамсандыратын, өзіндей болуға шақыратын адамдар бар. Мәселен, Эвора Сезария деген әлемге әйгілі әнші. Ол Кабо-Верде деген кішкентай аралдың тумасы. Сахнаға шыққанда жалаңаяқ ән салады. «Халқым жоқтықтың зардабын тартып жатқанда, мен неге аяқ киім киюім керек» , – дейді. Әнші әлемдік турнелерден тапқан табысын туған аралының бюджетіне құяды. Бүтін бір елдің білім жүйесіне Эвораның жеке қаражаты жұмсалады.
Мына қатігездеу заманда көзсіз ерлік жасаған қарапайым адамдарды құрмет тұтам. Өзгені құтқару үшін өз өмірін қауіпке тіккен замандастарыма қайран қалам. Бүгінгі күннің батырлары мен үшін осылар.
Егемен елге идеалдар керек. Кішкентай балғындарымыз қымбат көлік мінген дарақы байдың балаларына еліктемеуі керек. Бірақ, қазір осылай болып тұр. Осы жаныма батады.
Меніңше, бұрынғыдай біреуді идеал тұтудың орнына, қазір белгілі бір тұлғалардың жанкүйерлері – фанат болу дәстүрі қалыптасқан сияқты. Мысалы, белгілі бір әртістердің немесе футболшылардың жанкүйерлері сияқты. Әдетте, жастар жұлдыздардың сыртқы образдарына – киіміне, шаш қоюына көп еліктейді. Ал баяғыдай біреуді идеал тұтып – сол бір тұлғаның ұстанған принциптеріне қарай ұмтылу, немесе белгілі бір тарихи тұлға сияқты ерлік жасау дегендер сәл азайды. Бірақ, бұл объективті бір жағынан. Қоғамның өзі сондай – тез құбылып отыр. Екінші жағынан, идеал тұту дегенді де тек жақсы құбылыс деп көрсетуге болмайды.
1. Менің ойымша, ертеректе әрбір адам өзінің анасын, әкесін, ағасын, әпкесін, ұстазын, әсіресе, әдеби шығармалардағы образдарды, қыздар Қыз Жібекті, жігіттер Төлегенді идеал етсе, қазір жастарымыз шетелдің кино-өнер жұлдыздарын, шетел спорт майталмандарын идеал тұтатыны жиі айтылып жүр. Бірақ, зерттеулерге сүйенетін болсақ, біздің әлі де болса, қыздарымыз бен ұлдарымыз өз аналарына, апаларына, әкелеріне, ағаларына ұқсағысы келетіні анықталған. Сондықтан «идеал тұту» деген түсінік жойылып бара жатқан жоқ, керісінше, жаңа мазмұнға, жаңа мәнге ие болып отыр. Яғни, бұрынғы кезде мал таппаса да тракторист әкесінен, жүргізуші ағасынан артық адам жоқ еді.
Қазір өмірге шынайы қарайтын болғандықтан, біз өмір сүріп жатқан әлемде мен үшін идеал адам жоқ сияқты. Бірақ, менің өзімнің қиялымнан туған, арманымдағы идеалды образын өзім құрастырып, жасап алғанмын. Ол «идеалым» үнемі менімен бірге, ол мені үнемі қолдайды, қуат, күш береді, рухтандырады.