МҰҒАЛІМДЕРДІ ТҰРҒЫН ҮЙМЕН (ПӘТЕР) ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ.
Педагогикалық университетті бітіріп шыққан студенттен тест алып, білімін тексеріп жұмысқа алу қажет.
Осыдан кейін мұғалім 3 жылдық еңбек өтілін өтеген болса, осы уақыт ішінде өз жұмысын жақсы атқарған жағдайда мұғалімге мемлекет тарапынан тұрғын үй (пәтер) бөлінуі тиіс. Әрине бұл қадамға келісім шарт арқылы барамыз. Яғни, мұғалім 3 жылдық өтілден кейінгі 25 жылда осы мамандықта жұмыс істей отырып өзінің білімділігін, біліктілігін пайдаланып нағыз бәсекеге қабілетті, құзыреттілігі жоғары, ХХІ ғасырдың жастарын тәрбиелеп шығаруы керек.
Алысқа бармай-ақ өзіміздің еліміздегі әскери қызметшілерді мысалға алайық. Әскери қызметшiлер мен олардың отбасы мүшелерiнiң мәртебесi және оларды әлеуметтiк қорғау туралы Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 20 қаңтардағы N 4000 Заңының ІІ тарауындағы 12 бабында айтылғандай «Әскери қызметшiлер мен олардың отбасы мүшелерi мемлекет есебiнен тұрғын жайлармен (пәтерлермен) қамтамасыз етiледi» , - делінген. Дәл осы сияқты мұғалімдерге де қаулы шығарып тұрғын үймен қамтамасыз еткен жағдайда қаншама оқушылар сапалы біліммен қамтамасыз етілген болар еді. Яғни, біздің басты міндетіміз осы тұрғын үймен қамтамасыз ету арқылы жас мамандардың қызығушылығын арттырып, педагог мамандығының имиджін көтеру.