ЭРОЗИЯ
Эрозия (лат. еrosіo – мүжілу), геологияда – тау жыныстары мен топырақ бетін аққан судың шаюы. Шайылу және ұсақ түйірлердің тасымалдану қарқыны тау жыныстарының қаттылығына, топырақ қабаттарының жатыс бағытына, су ағынының жылдамдығына және мүжілу нәтижесінде пайда болған массаның іріліұсақтығына байланысты.
Эрозиялық құбылыстың дамуына сол жердің топырақ-өсімдік жамылғысы және геол. құрылысы да әсер етеді. Эрозия – жер бедерін қалыптастырушы факторлардың бірі. Түзілген жербедер пішіндеріне байланысты беткі Эрозияға (ағын өткен жер беті ой-шұңқырлары тегістеледі) және тілімдеу Эрозиясына (жер беті сай-жыраларға тілімделеді) ажыратылады. Беткі Эрозияаңғар және арнаның бүйірлері бұзылып, ағынның жайылуынан, ал тілімдеу Эрозиясы ағын арнасының тереңдеуінен қалыптасады. Демек, Эрозиялық бедер пішіндері – бүйірлік және тереңдік Эрозиялардың нәтижелері. Кейбір ғыл. әдебиетте “Эрозия” термині негізінен мұздық, жел және теңіз толқыны әрекетін сипаттағанда жиі қолданылады. Эрозияқұбылысына қарсы күресу жолдары – табиғатты қорғаудың басты шараларының бірі болып табылады. Сонымен қатар Эрозияның қалыпты (табиғи) және жеделдетілген (табиғи ортаны дұрыс пайдаланбау салдарынан) түрлері болады; қ. Топырақ эрозиясы. Ә. Байбатша
ӨЗЕН АҢҒАРЫ Өзен аңғары – негізінен өзендердің эрозиялық әрекеттерінің нәтижесінде пайда болатын жер бедерінің созылмалы пішіні; жер бетінің ғасырлар бойы аққан судың эрозиялық әрекетінен жуылыпшайылуы арқылы қалыптасқан, ұзына бойы иректеле созылған, бастауынан сағасына дейін түбі еңіс болып келетін, қазіргі кезде ағын арнасы бар бедердің терең теріс пішіні. Оның қалыптасуы климаттық, эрозиялық, мұздық, тектоникалық процестер мен карстық (оқпалық) құрылыстарға тікелей байланысты. Өзен аңғарының элементтеріне оның табаны, тальвегі (фарватері), арнасы, жайылмасы, террасалары және аңғардың беткейлері мен жарқабағы (кемері) жатады.
Көлденең қимасының сипатына қарай аңғарлар төмендегідей типтерге бөлінеді: саңылау – терең, әрі тар аңғар; таулы аудандарда кездеседі; каньон – құлама беткейлі терең аңғар, әдетте табаны тар, таудан шыға берісте немесе таулы өңірде кездеседі; шатқал – терең жартасты тау аңғары, әдетте беткейлері шығыңқы келіп, төменгі тұсындағы құламасы ұлғая түседі; трапецияға ұқсас – көбіне жазық келетін шығыңқы немесе түзу көлбеу пішінді кең аңғар; астау тәрізді – беткейлері ойыс, баурайы біртіндеп көлбеу пішінге айналады. Жазықтағы өзендердің аңғарын шабындық ретінде және әртүрлі аңғар шабын дақылдарын өсіруге пайдаланады