Даосизм
Даосизм (қытайша «дао цзяо” – «жол ілімі”) б. з. б. ІV-ІІІ ғасырларда Ежелгі Қытайда пайда болды. Аңыз бойынша бұл ілімнің құпиясын аты аңызға айналған Хуан-ди ( «Сары император”) ашқан. Ақиқатында даосизм шамандық нанымдардан және ежелгі магтар ілімінен бастау алады, ал оның негізгі қағидалары данышпан Лао-цзынікі деп саналатын «Жол мен ізгіліктер туралы канонда” (Дао-дэ-цзинде) және философ Чжуан Чжоу көзқарастары көрініс тапқан (б. з. б. ІV-ІІІ ғғ. ) «Чжуан-цзыда” баяндалады.
Даосизм – адамға қоршаған әлемнің сырларын ашуды, өмір мен өлім мәселелерін айқындауды мақсат етіп қоятын ілім. Даосизмнің негізгі категориясы дао (жол, ақиқат, тәртіп) – ғарыш болмысының ішкі заңдылығы, табиғаттың жалпы заңы іспетті, формалар әлемін тудырушы бастау. Дао тек бастапқы себеп қана емес, сондай-ақ соңғы мақсат, болмыстың аяқталуы.
Даоны ешкім жаратпаған, бірақ барлық нәрсе даодан жаратылған және соңында даоға қайта оралады. Дао – бұл барлық нәрсе, сонымен қатар ол еш нәрсе де емес; ол – мәңгілік және шексіз; даоның аты да заты да жоқ болғанмен, ол – бәріне есім мен атау беруші бастама. Дао – беймәлім, оны сезім органдары арқылы танып білу мүмкін емес, ол уақыт пен кеңістік аясын қажет етуден ада. Даоның нақты көрінісі тек «дэ” (ізгілік) күші арқылы ғана байқалады: егер дао барлығын жаратушы болса, дэ – қоректендіруші. Тақуа мақсаты – даоны тану, ол оны «ғарыш үйлесімділігі” – адамның табиғатпен қауышуы деп түсінеді.
Лао-цзы (Ли. Дань) – даосизм ілімін қалыптастырушы, біздің дәуірімізге дейінгі VІ-V ғасырларда өмір сүрген, кейінірек мифологиялық тұлғаға айналған. Қытай философиясы тарихында алатын орны ерекше. Оның ілімін зерттеушілер Лао-цзы Конфуцийдің замандасы болды, ал оның көзқарастары «Дао дэ цзин» шығармасында жинақталған, бұл шығарманы Лаоцзының шәкірттері жазған болуы да мүмкін деген болжам -пікірлер айтады.
Лао-цзы даоны болмыстың алғашқы себебі, мәңгілік, өзгермейтін бастауы деп түсіндірді. Адам ойлаудада, іс-әрекетінде де осы дао жолын ұстануы, яғни «у -вэймен» айналысуы қажет. «Увэй» «тыныш келісу» дегенді білдіреді, кейінірек «әрекетсіздік, ештеңеге араласпау» деген қазіргі мағынасында түсініле бастады.