6 -тақырып. ХVІІ ғ. және ХVІІІ ғ. басындағы Қазақ хандығы. Қазақстанның ХІV ғ. мен ХҮІІІ ғ. бас кезіндегі мәдениеті (1 сағат) Дәріс жоспары: 1. XVІІ-XVІІІ ғғ. Қазақ хандығының саяси жағдайы. 2. Қазақ-жоңғар қатынасында шиеленістің күшеюі (XVII ғ. екінші жартысы). 3. Шаруашылығы, рухани мәдениеті. СӨЖ тапсырмалары: 1. Қазақ хандығының экономикалық дамуына конспект дайындау. 2. Жүздер – этнотерриториялық бірлестіктер. Оның пайда болу себептерін ашыңдар.
Қазақ Хандығы ХV ғасырдың ортасынан ХVІІІ ғасырдың басына дейін біртұтас мемлекет болып, Дешті Қыпшақ пен Мәуреннахрдағы қуатты елдің біріне айнала бастайды. Дәл осы дәуір Қазақ хандығының территориясы жағынан кеңею, халқының саны жағынан өсу, мемлекеттілік тұрғыдан нығаю кезеңі болды. «Еңсегей бойлы ер Есім» атанған Есім хан (1598 -1628) қазақ хандығын бір орталыққа бағынған мемлекет құруды көздеді. «Есім ханның ескі жолы» атты заңды құрастырды. Мемлекеттің шаруашылық жағын көтеру мақсатында Бұхарамен «бітім» жасасты. Ол кезде Мәуреннахрда Шайбани әулеті құлап, жаңа әулет Аштарханиліктер (1599 -1735) билік құрған болатын. Қазақстанның солтүстік аймағын реттеуге кеткен Есім хан Тұрсын сұлтанға хандығын тапсырып «ант» берісіп уәделескен болатын. Есім ханның жоқтығын пайдаланған Тұрсын сұлтан Есім ханның жұртына әлек салып, билікті өз пайдасына жұмсаған болатын. 1627 жылы ойрат жорығынан оралған Есім хан антты бұзғаны үшін Тұрсынды өлтіреді. Бір деректерде Есім хан 1628 жылы, ендігі мәліметтерде 1645 жылы қайтыс болды дейді.