Ұлы Жібек жолы
«Жібек Жолы» (Ұлы «Жібек Жолы» ) — Қытайдың Ши-ан деген жерінен басталып, Шинжәң, Орталық Азия арқылы Таяу Шығысқа баратын керуендік жол бағыты. Тарихы Жол бұдан 3 -4 мың жыл бұрын болған. Ол Қытайдың Хан патшалығы кезінде ғана өркендей бастаған, себебі Хан патшалығының Хан Уди патшасы Жаң Чянды батыс өңірге екі рет жіберіп, Орталық Азиядағы елдермен достасуға пейілді болған. Жаң Чян қазіргі Ферғана, Самарқан және Балқаш көлі сияқты жерлерге барған. Жаң Чянныңсапары бұл жолды шығыс пен батыс үкіметтері арасындағы байланыс жолына айналдырған. Осыған орай саудагерлер де «Жібек жолында» ат ізін суытпаған. Жаң Чян батыс өңірге және Орта Азияға Қытайдың жібек өнімдерін ала барған;ал елге қайтарында барған жерлерінің тауарлары және батыс өңірінің музыкасы сияқты алуан түрлі мәдениетті алып қайтқан. Жаң Чянның сапары қытайлықтардың батыс өңір мен Орта Азияны түсінуіне мүмкіндік берді. Ал Жаң Чян барған жерлердегі халық та Қытайдың өнімдері мен мәдениетіне қатысты түсінігін анағұрлым тереңдетті. Осылайша, бұл жол гүлденіп, көркейе бастады. Шығыс пен батыстың аралығындағы дәнекерге айналып, өркениеттерді өзара тоғыстырды. Осы жолды қорғау және дамыту мақсатында, Қытайдың әр дәуірдегі патшалары жол бойына қарауыл қойып, әскер тұрғызды.
1 -ші ғасырдағы Жібек Жолы, Қытайдан Жерорта теңізіне дейін.
«Жібек жолы» іс жүзінде өзгермейтін тұрақты жол емес, қайта ол уақыт ізімен өзгеріп отырған, бірақ тарихтағы дәстүрлі сорабы өзгермеген: жол шығыста Чаң-аннан (қазіргі Ши-ан) басталып, Тарым ойпатынан өтіп, Памирүстіртінен асып, Орталық Азияны, Батыс Азияны кесіп өтіп, Жерорта теңізінің шығыс жағалауына дейін барады, жалпы ұзындығы 7000 km асады. Ерте кездегі «Жібек жолы» Шинжәңнан 3 айрыққа бөлінген, Тянь. Шань тауының солтүстігіндегі ежелден бар дала жолы: Жемсары, Іле өңірін басып, Балқаш өңіріне барады, онан ары батыс солтүстікке жүргенде Қара теңіздіңшығыс жағалауына жетеді. Оңтүстік айрығы Крораннан (Лулан) шығып Күнлүн тауының батысын қапталдап. Жаркентке барады, онан ары жүргенде адырлардан асып, Орта Азияға, Батыс Азияға, Еуропаға дейін созылады. Кроранның батыс солтүстігіндегі Көншы өзенінің батысын бойлап, Иіңпанды, Күшарды басып Қашқар Жаңашар ауданына баратын жол солтүстік айрығы саналады, бұл жол да адырлардан асып, Еуропаға дейін барады.
Дін соқпақтары Жібек жолымен діни идеялар да кең таратылып отырған, ал миссионерлер өз дінін тіпті теңіздің арғы бетіндегі елдерге барып таратқан. Үндістаннан Орта Азия мен Шығыс Түркістан арқылы Қытайға буддизм келген, Сирия мен Ираннан, Аравиядан — христиан діні, сосын барып ислам жеткен. Зерттеушілердің пікіріне қарағанда, Қытайға буддизм Үндиядан Орта Азия мен Қазақстан арқылы барған. Бұл әрекет б. з. бұрынғы I ғ. басталған. Шығыс Түркістан мен Қытайға будда дінін таратуда ортаазиялық діндарлар мен миссионерлер, әсіресе соғдылар, парфяндар мен қаңлылар көп еңбек сіңірген. Б. з. II—III ғғ. буддизм белсенді түрде таратылған, тегі, бұл Кушан империясының Шығыстағы саяси мақсаттарына байланысты болғанға ұқсайды. Ерте ортағасырларда буддизмнің негізгі миссионерлері қызметін соғдылар өз міндетіне алған. Будда дінін Орталық Азияда тарату ісінде тек солар ғана маңызды рөл атқарады. Шығыс Түркістандағы түріктердің будда текстеріндегі терминдерді талдап тексергенде, олардың соғдының көмегімен алынғаны анықталды. Ұлы жібек жолы үстіндегі бірқатар қалалардан будда ескерткіштері табылды. Түріктер VI ғ. бастап буддизмнің қатты ықпалын өз басынан өткерген. Сюань-Цзян Батыс түрік қағанының будда дініне ықылас білдіргенін жазады. Зерттеушілер пікіріне келсек, VII ғ. бірінші жартысында батыс түріктерінің кейбір билеушілері буддашы болған немесе буддизмге қамқорлық жасаған. Бұл жәйт олардың отырықшылыққа және қала өміріне өтуімен тығыз байланысты болған.
Сауда мен тауарлары. Жібек жолы әуелгі кезде қытай жібегін шетелдерге шығаруға қызмет еткен. Сосын реті келген кезде Рим мен Византиядан, Үндістан мен Ираннан, Араб халифатынан, кейінірек Еуропа мен Русьтен осынау күре жолмен мирра мен ладан, жасмин суы мен амбра, кардамон мен мускат жаңғағы, жень-шень мен питонның өті, кілемдер мен маталар, бояулар мен минералдық шикізат, гауһар мен яшма, янтарь мен кораллдар, піл сүйегі мен «балық сояулары» , құйма күміс пен алтын, ұлпандар мен теңгелер, садақ пен жебелер, семсер мен сүңгілер т. б. көптеген заттар әрлі-берлі тасылып жатқан. Жібек жолымен саудаға салу үшін Ферғананың атақты «тері қан боп шығатын» сәйгүліктері мен араб арғымақтарын, түйелер мен пілдерін, мүйізтұмсықтар мен арыстандарды, ілбіс пен жайранды, қаршығалар мен тауықтарды, тоты құстар мен түйеқұстарды алып жүрген.
Саудакент Орта ғасырлардағы ірі қалалардың бірі. Қаратаудың солтүстік беткейінде қазіргі Байқадам кентінің маңында орналасқан. Ежелгі деректерде ол Сугулхан (X ғ. ), кейінірек Сулхан (XIII ғ. ) деген атпен белгілі. Саудакент VII-XII ғасырларда Қаратаудың солтүстік бөктері арқылы өтетін керуен жолы бойындағы ірі сауда мен қолөнердің орталығына айналған. Қаз. КСР ҒА-ның Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы қазба жұмыстары кезінде 11 мұнаралы дуалмен қоршалған ескі қаланың орнын аршып алған. Қала орнынан табылған құмыралар, қыштан жасалған түрлі ыдыс-аяқтар оның VI-XV ғасырларда өмір сүргенін дәлелдейді.
Тараз Қазіргі Тараз қаласының орнындағы ежелгі қала. Бұл жайындағы алғашқы дерек грек елшісі Земархтың хабарламасында айтылады, ал 630 ж. Сюань Цзанның жазбасында ірі сауда қаласы ретінде сипатталады. Тараз VII- VIII ғасырда Ұлы Жібек жолында орналасқан сауда және қолөнер орталығына айналған. Мұнда оңтүстіктің күміс кендері мен терістіктегі қимақтарға баратын керуен жолдары тоғысатын. X ғасырдағы араб географы әл-Макдиси былай деп жазды: «Тараз - бақтары көп, халқы тығыз қоныстанған, қамал сыртынан терең орлар қазылған, төрт қақпасы және төңірегінде елді мекені бар ірі бекіністі қала» .
Егер Жібек жолымен батыстан шығысқа қарай жүрсек, оның Қазақстандағы учаскесі Шаштан (Ташкент) шығып, Тұрбат асуы арқылы Исфиджабқа, Сайрам (Сарьямға) келеді. Ежелгі қаланың осы күнге дейін сақталған. Шымкент түбіндегі бір қыстақ тап осылай аталады, оның дәл кіндік тұсында Жібек жолындағы бір кездегі ең ірі орталықтардың бірі болған орта ғасырлық қала жұртының қалдығы сақталған. Исфиджабтан құлдарды, бөз маталарды, қару-жарақты, семсерлерді, мыс пен темірді әкетіп жатқан. Испиджабтан шыққан керуендер шығысқа қарай бет алып, Шараб және Будухкент қалалары арқылы Таразға барады екен. Қазақстанның аса ірі қалаларының бірі Тараз VI ғ. бұрын белгілі болған. 568 ж. түрік қағаны Дизабұл Византия императоры Юстинианның стратег Земарх бастап келген елшілігін тап осы қалада қабылдаған. Бастаухаттар оны көпестер қаласы деп атаған. Мұның үстіне ол түргештердің, содан кейін қарлықтар мен қарахандардың тарихи орталығы болған.